Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? - деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, қазақ xалқының дүниетанымында бұрым - сұлулықтың белгісі, қыз-келіншектердің ары мен абыройы. Әрбір қыз баласын белінен төгілген бұрымы мен ақылына қарап бағалаған.
Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп атаған. Бұрымның ұшына алтын немесе күміс теңгелер мен моншақтар, қаз-қатар тігілген шашбау тағатын болған. Олар иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген сұлу қыздың жүрісіне үн қосып, ару сымбатын ажарлай түскен.